Әдістемелік ұсынымдар мәртебесін императивтік күші бар мүгедектігі бар азаматтар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету стандарты дәрежесіне өзгертуді қажет

Құрметті достар!

“Мүгедектігі бар адамдардың мәселесі мүгедектігі бар адамдарсыз шешілмеу қажет”, — деген қағида бар.

Сондықтан, былтыр Қазақстан Халық партиясының жанынан мүгедектігі бар адамдардың проблемаларын жан-жақты әрі терең қаузап, ақпараттық-сараптамалық, методологиялық нақты ұсыныстар әзірлеумен кәсіби тұрғыда шұғылданатын Жобалау кеңсесін ашып, бұл іске Вениамин Алаев деген мүгедектігі бар азаматты жұмылдырдық. Алматыдағы қоғам белсенділерінің бірі. Аймақты аралап, бұқарамен кездесу барысында мүгедектігі бар азаматтар өздерінің сан алуан шешілмей келе жатқан қиындықтарын айтып осы жолы да көп шағымданды. Дәрі-дәрмектің мезгілінде берілмеуі, медициналық арбаның сапасыздығы сияқты толып жатқан уәждері болды. Сонымен қатар, көтерілген тағы бір мәселе — қаржы инклюзиясы. Яғни, мүгедектігі бар адамдарға банк қызметін пайдалануға қойылған шектеу жайлы ұзақ әңгіме болды. Соңғы мезгілде мүгедектігі бар азаматтар екінші дәрежелі банктердің үстінен сотқа шағымданып, талап-арыздарын жиі түсіре бастаған.

Негізгілерін айта кетейін:

— мүгедектігіне байланысты несие алу мүмкіндігінің болмауы;

— банктердің кеңсе, бөлімшелерінің сыртында, ішінде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген инфрақұрылымның болмауы; (пандустың жайсыздығы, есеп айырысу кассаларының арбадағы адамдар үшін тым биік болуы, көзі нашар көретіндер үшін тактилді нұсқаулардың болмауы т.б.)

— зағип клиентерге, сондай-ақ инваколяска пайдаланушылар үшін біреудің көмегінсіз банкоматтарды пайдаланудың мүмкін еместігі;

— сайттардың қолжетімділігі халықаралық стандарттарына сәйкес еместігіне байланысты мобильдік қосымшалар мүгедектігі бар клиенттер үшін қолжетімді емес. Қаржыгерлердің мүгедектігі бар азаматтарға көп жағдайда сенімсіздік пен керек десеңіз үреймен қарайтыны да рас. Ертең банкке қарызданып, ақшасын қайтармай, одан қалды несиелік рақымшылық сұрауы мүмкін деген тұрақты фобия бар. Анығында, қаржы қызметін алуды шектегенше, қаржы сауатын ашуға көмектескендері орынды болар еді. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жанынан жұмыс тобы құрылған. Құрамына мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдардың біраз өкілі мүше. Олардың бастамасымен мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсету жөнінде әдістемелік ұсыным әзірленді. Алайда, банктер ол құжатты ұсынымдық сипатта болғандықтан басшылыққа алып орындауға асықпай отыр. Біз бұл мәселені жан-жақты саралай келе, мүгедектігі бар азаматтардың құқығын екінші дәрежелі банктерде қорғауға жағдай жасайтын қосымша заңнамалық өзгерістер жасауға болады деп есептейміз. Сонымен бірге, мүгедектігі бар азаматтардың өтініштерін қанағаттандыру үшін мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі Әдістемелік ұсынымдар мәртебесін императивтік күші бар Мүгедектігі бар азаматтар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету стандарты дәрежесіне өзгертуді сұраймыз. Мүгедектігі бар азаматтардың Үкіметке жолдап отырған нақты аманаты осы!

Айкын Конуров,

Қазақстан Халық партиясы фракция жетекшісі